18 шіл, 2019 сағат 18:28

БҚО-да 1,532 млн гектар жер пайдаланылмай бос жатыр

Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,532 млн гектардың пайдаланылмағаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, соның 1,122 млн гектары мемлекетке қайтарылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жерді тиімді пайдалану керектігін атап көрсеткені мәлім.

Осыған орай ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды бақылау жұмыстары күшейтіледі.

«Жыл соңына дейін БҚО-ның геоақпараттық порталы әзірленіп, жұмыс жасайтын болады. Бұл геопорталда жер телімдерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мақсатсыз пайдалануды анықтауға мүмкіндік беретін спутниктік түсірілім қолжетімді болады», - деді өңір басшысы.