25 қыр, 2019 сағат 14:54

БҚО әкімінің екі орынбасары тағайындалды

Мұхтар Наурызбайұлы Манкеев ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және БҚО әкімінің өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев актив отырысында өзінің жаңа орынбасарын таныстырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, М.Н.Манкеев – 1984 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «инженер», «экономика», Финляндия Республикасында Оулу университетін «бизнес әкімшілеу магистрі» мамандықтары бойынша бітірген.

Әр жылдары «Жасыл ел» Батыс Қазақстан облыстық филиалы жетекшісі, «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі, «Самғау» ұлттық холдингі» АҚ менеджері, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инжиниринг және жаңа технологиялар трансферті орталығының департамент директоры, «Астана Innovations» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Күні бүгінге дейін «Фин Бизнес Хабы» компаниясының директоры, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы болды. Ол кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, туризм мәселеріне жетекшілік ететін болады.

Сондай-ақ «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес Серік Рахметоллаұлы Егізбаев ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және БҚО әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Облыс басшысы Ғали Есқалиев актив отырысында өзінің жаңа орынбасарын таныстырды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, С.Р.Егізбаев 1963 жылы дүниеге келген.

 

Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «агроном», Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандықтары және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

Экономика ғылымдарының кандидаты.

Серік Рахметоллаұлы әр жылдары БҚО әкімі аппараты бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі департаментінің бөлім бастығы, ҚР Премьер-Министрінің кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас инспекторы, ұйымдастыру-инспекторлық және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы болды. Сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚР ауыл шаруашылығының вице-министрі қызметін атқарды.

Күні бүгінге дейін «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды.

С.Р.Егізбаев ішкі саясат, білім, жастар саясаты, мәдениет, дін істері, тілдерді дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің бірінші орынбасары тағайындалғанын жазған болатынбыз.