04 там, 2023 сағат 10:42

БҚО әкімі бірінші орынбасарын қызметінен босатты

Фото: gov.kz

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Астанадан ауысып келген орынбасарын қызметінен босатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Е. Балтаев Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамағаны үшін жұмыстан босатылды», - делінген өңір басшысы баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

Балтаев өз қызметіне биыл қаңтар айында кіріскен болатын. Ол құрылыс, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, автомобиль жолдары және көлік инфрақұрылымы мәселелерімен айналысқан.

Айта кетейік, Ержан Талғатұлы Балтаев 1983 жылы дүниеге келген.

Қазақстан-Британ техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану, Ұлыбританияның Абердин университетін әкімшілік іскерлік мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Астана қаласы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың маманы болып бастаған.

Әр жылдары «CAPS Distribution» компаниясында заңгер, ТАИБ Қазақ банкінде заңгер, департамент директоры, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы жобаларында ұлттық менеджер, бағдарламалардың үйлестірушісі, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасы, Әділет министрлігі Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті басқармасының басшысы, «ҚПО Б.В.» компаниясында жоба басқарушысы, «TENDEU» Халықаралық арбитраж агенттігінің директоры, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.

Ал Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне дейін Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы болды.

Еске салайық, 24 шілдеде әлеуметтік желіде Балтаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Бірақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ол мәліметте жоққа шығарды.