Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірде қаңғыбас иттердің мәселесі өткір екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірде қаңғыбас иттер мәселесі өткір тұр. Қаңғыбас иттерді аулау, чип тағу және стерильдеуге қатысты ветеренарлық қызметті мемлекеттік-жекешелік әріптестік құзыретіне бергенбіз. Бұл бағыттағы жұмыс 2 жыл бойы қарқынды жүріп келеді. Қаңғыбас иттер тұрғындардың өміріне қауіп төндірсе «109» қызметіне хабарласып, айта алады. Орталыққа келіп түскен шағымдарға қатысты шұғыл шешім қабылданады. Топ болып жүретін иттерді аулап, адам өміріне қауіп төндірген жағдайда көзін жою шарасы қолданылады», - деді Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Аймақ басшысының мәліметінше, ауланған бұралқы иттердің 20-25 пайызының көзі жойылады. Қалғанын емдеп, стерильдеп, чип тағып, қайта босатады.
«Қаңғыбас иттерді аулау мәселесі қалалық мәслихатта қаралып, қосымша қаржы бөлінеді. Өйткені, тұрғындардан келіп түсетін шағым саны артып отыр. Біздің өңірде қаңғыбас иттермен күресуде үлгі тұтатындай аудандар да бар. Ол жерде иттерді арнайы орында ұстап, күтіп-баптайды. Иттерді аулап, оларға ветеринарлық қызмет көрсету бойынша 3 жылға арналған байқау өтті. Жобаның құны 61 млн теңгені құрайды. Қосымша тағы 8 млн теңге бөлінетін болады», - дейді ол.