Фото: БҚО ПД
БҚО полицейлері кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілердің суреттерін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті 2022 жылдың 6 тамызында сағат 19.55 шамасында аса ауыр қылмыс жасаған 1991 жылы туған Қожантаев Руслан Фархатұлы, 2001 жылы туған Амангелді Тұрлан Сырлыбайұлына іздеу жариялайды. Махамбет көшесіндегі 15 ғимаратта адам өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан", - делінген хабарламада.
Өңір полицейлері аталған адамдарды іздестіру мен ұстауға департаменттің барлық күші мен құралдары жұмылдырылғанын, полиция қызметкерлері олар болуы мүмкін барлық жерді пысықтап жатқанын атап өтті. Барлық жеке құрам мен оған бекітілген күштер жұмылған.
"Бұл қылмыс БҚО ПД басшылығының күнделікті ерекше бақылауында. Егер күдіктілер болуы мүмкін немесе нақты орналасқан жері туралы ақпарат болса, 102 пультіне немесе 98-45-30 телефоны арқылы хабарлауыңызды сұраймыз. Аноним болатыныңызға кепілдік беріледі", - деп сендірді полиция.
Еске салайық, бір күн бұрын Оралда бірнеше дәмхана мен мейрамхананың иесі болған белгілі кәсіпкер өлтірілген еді. Кейін бейнебақылау камераларына екі жігіт қашып бара жатқаны, бірінің қолы қан болғаны түсіп қалған.