29 сәу, 2022 сағат 15:05

Бизнеске заңсыз қысым көрсеткендер қатаң жазаланады – Президент


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске заңсыз негізде қысым көрсеткен қадағалаушы органдардың өкілдері қатаң жазаланатынын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бизнеске басымдық беріп, кәсіпкерлерді мемлекеттің шектен тыс қамқорлығынан арылтамыз. Азаматтардың табысының өлшеуіші парасатты еңбек, сыбайлас жемқорлық пен фавортизмнен адал, ашық әрі әділ бәсеке болады. Кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етіп, қолайлы инвестициялық климат құру арқылы әр қадамын мығым басқан ұлттық буржуазиямызды қалыптастырамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІ сессиясында. 

«Еске саламын, 2019 жылғы Жолдауымда «бизнеске кедергі келтірудің кез келген әрекеті мемлекеттік қылмыс болып есептелуі керек» деп айтқан болатынмын. Қадағалаушы органдар азаматтардың мүдделерін қозғайтын нақты қылмыстарды, оның ішінде алаяқтық, қаржы пирамидалары, бюджет қаражатын жымқыру сияқты экономикалық қылмыстарды ашуға және жолын кесуге назар аударуға міндетті», - деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «жауапкершілікті сезінетін, адал бизнеске ешқандай қысым болмайтынын атап өтті. 

«Егер заңсыз қысым болса, қадағалаушы органдар, құқық қорғау органдарының өкілдері қатаң жазаланады», - деді Президент.