03 мау, 2021 сағат 15:11

Бізде өндірілген криптовалюта біздің биржа арқылы сатылуы керек – Бағдат Мусин


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин майнинг саласын заңдастыру қалай іске асатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз - майнинг саласын заңдастыруға бағыт алған елміз. Бірақ оны заңдастырып, кәсіпкерлік қызмет ретінде тіркелуге компаниялар аса құлықты емес. Майнингпен айналысып жүргенімен, көлеңкелі аймақта жүрген компаниялар бар. Олар электр энергиясын пайдаланып отыр. Бірақ жасырын жұмыс істейді. Сондықтан, 1 кВт энергия үшін 1 теңге деген баға белгілеген болатынбыз. Ондағы мақсатымыз – аталған компанияларды көлеңкеден шығару», - деді министр халық алдындағы есептік кездесуінде. 

Ведомство басшысы елімізде майнинг саласы қазір қатты дамып жатқанымен, салық төлеп жатқан ешкім жоқ екенін ескертті. 

«Майнинг саласы қазір қатты дамып жатқанымен, оның қосылған құнын сіз де, мен де сезініп отырған жоқпыз. Өйткені салық төлеп отырған жоқ. Бұл салада «мыңдаған адамның жұмыс істеп жатқанын» көріп отырған жоқпыз. Бірақ, инвестициялар келіп жатыр. Аталған инвестициялар әрбір қазақстандықтың игілігіне жұмыс істеуі үшін үш нәрсені жасау керек болған. 

Біріншіден, барлық майнинг фирмаларды заңдастырыпу керек еді. Екіншіден, криптоиндустрияның барлық табысы майнинг саласынан түсіп жатыр. Биткойнді осында жасағанымен, шетелде сатады. Бұдан бөлек криптобиржа бар. Осы биржаларды дамытсақ, табыс ұлғаяр еді», - дейді Бағдат Мусин. 

Ол, сондай-ақ, майнинг өндірісінде табысы аз болғанымен, ірі криптобиржа құрып, содан көлемді салық алып отырған елдерді мысалға келтірді. 

«Біз екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші кезекте барлық майнинг фирмаларды көлеңкеден шығарамыз. Егер бұл фирмалар Astana Hub мекемесінде тіркелсе, 20 пайыздық корпоративтік табыс салығынан босатылады. Ал қазір 1 кВТ үшін белгілеп отырған 1 теңге – символдық төлем ғана. Электр энергиясын өндірушілер майнинг фирмаларына қуат бергенімізбен, қайтарымы жоқ екенін айтуда. Майнерлер бұл символдық төлем біз көлеңкеден шыққанан кейін 10 теңге болып кетпей ме деп қорқуы мүмкін. Мен нақты айтамын, ондай күрт өсім болмайды», - деп снедірді министр. 

Бағдат Мусин криптобиржаны заңдастыру жобасын Ұлттық банк те мақұлдағанын атады. 

«Astana халықаралық қаржы орталығының базасында криптобиржа құру мүмкіндігін жасаймыз. Осыдан кейін толық шеңбер пайда болады. Биткойнды осы елде өндіргендер біздің биржа арқылы сататын болады. Осылайша криптобиржадағы саудадан салық аламыз. Яғни, Қазақстан криптобиржадан табыс табуға ниетті. Майнигке 1 кВТ-қа 1 теңге төлем бекіту аса бір табыс әкелмейді. 5 млрд теңгенің ар жақ-бер жағында түсім болуы мүмкін. Сондықтан біз криптобиржаны заңдастыруға күш саламыз. Осында өндірілген криптовалюталар біздің биржа арқылы сатылуы керек. Ол үшін Astana халықаралық қаржы орталығының алаңы дайны тұр. Аталған ораталы о баста осындай жобаларды іске асыруға арнап ашылған болатын», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.