04 қар, 2021 сағат 12:28

Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным жоқ – Президент


Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ. Бұл туралы Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аса өзекті мәселе. Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ», - деп келтірілген Мемлекет басшысының сөзі Ақорданың Twitter-парақшасында.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, моноқалаларға арналған кеңесте Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр еліміздегі моноқалаларды дамыту бойынша баяндама жасады. Ал моноқалаларды әлеуметтік-экономикалық дамыту ісінде «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының рөлі туралы Алмасадам Сәтқалиев жеткізді.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтағы 8 моноқаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы және дамуы жөнінде баяндаса, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласын дамыту жоспарын айтып өтті.

Қазақстанның бірқатар моноқаласын дамыту бойынша іс-шаралар туралы ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич мәлім етті. «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай компанияның моноқалаларды дамытудағы рөлі туралы айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысының Екібастұз қаласына келді.

Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізіп, Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар қаладағы индустриалды кәсіпорындарға барады деп жоспарланған.