Қазақстанның шорт-тректен бас бапкері қазақстандық спортшыларының Бейжің олимпиадасында көрсеткен нәтижесіне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Олимпиада кестеге сай өтіп жатыр. Алда әлі шаңғы, шорт-трек, коньки және тау шаңғысынан жарыс бар. Осыған дейінгі нәтижеге келсек, Абзал Әжіғалиев медальға сәл ғана жетпей қалды. Дегенмен төртінші орынды иеленудің өзі оңай емес. Үлкен жетістік деп білеміз. Жалпы шорт-трек спорты алға жылжып келеді. Әрине, жанкүйерлер де, біз де медаль күттік», - деді Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов Бейжіңнен онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, Бейжің олимпиадасында шорт-трек спортының нәтижесіне қатысты Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков кәсіби маман ретінде өз пікір білдірді.
«Шорт-трек жарысының көбі аяқталды. Енді 1,5 шақырымдық қашықтық қана қалды. Ертең спортшымыз Ольга Тихонова жүгіреді. Әрине Абзала баламызға сәттілік жетіспей қалды, Денистен де үлкен үміт күткенбіз. Денис бұрылыс кезінде техникалық қателік жіберді. Әйтпесе, финалға шығып медальға таласатындай-ақ спортшы еді. Жазда әлем кубогына қатысып спортшыларымыздың шымырлығын шыңдаған болатынбыз. Біз жоспарды 90 пайызға орындадық», - дейді ол.