“Салафилiкке тыйым салу керек!” деп, бiздiң бiр топ зиялылымыз мемлекет басшысына ашық хат жазды, ол бiрсыпыра газеттерде басылды да. Содан кейiн “Салафилiк ағымға заңмен тыйым салынады екен, депутаттар заң жобасын талқылап жатыр...” деп естiдiк. Осы бiр-екi күнде “Салафилiк ағымға тыйым салынбайтын болыпты! Парламент бұл жөнiнде заң қабылдамайды екен” деп естiдiк. Содан бiр бауырым мектеп директоры (аты-жөнiн әдейi айтпай отырмын) болып iстеушi едi, осының жайын сол бауырымнан сұрадым.
–Ой, аға, қазiргi күнi Қазақстанда салафиттерге ешкiмнiң күшi жетпейдi. Өзбекстан секiлдi бiз де оларды осыдан он жыл бұрын тұншықтыруымыз керек едi. Бiздiң қазiр оларға әлiмiз де келмейдi, шамамыз да жетпейдi!– деп қар-а-ап тұр.
Менiң жоғары бiлiмiм жоқ. Бiрақ құлағым түрiк, көкiрегiм ояу. Ненiң де болса сырын, сипатын, болып жатқан оқиғалардың барысын бiлгiм кеп тұрады.
–“Шамасы жетпегенi” несi? Не сонда, салафиттерге мемлекеттiң де шамасы жетпей ме?– деп сұрадым.
Мектеп директорының айтуынша, қазiргi күнi салафиттер Қазақстанда тамырын тым тереңге жiберiп, әбден күшейiп алған. Байлар да осылардың iшiнде, аса жауапты әрi лауазымды қызмет iстейтiндер де осылардың iшiнде.
Қысқасы, салафиттер – бiз сияқты жалаңаяқтар емес, кiлең ығайлар мен сығайлар екен. Оның үстiне бұлар – өте ұйымшыл. Бiрiн-бiрi қолдап, қуаттап, қандай iске кiрiссе де күш бiрiктiре жұмылады. Бұл жолы да олар күш бiрiктiре қимылдап, қабылданайын деп тұрған заңды қабылдаттырмай тастапты.
Тек мектеп директорынан ғана емес, бұл жөнiнде тағы бiраз көзi ашық кiсiлерден сұрадым. Олар да осыны айтты.
Демек, бiз салафиттердi емес, салафиттер бiздi жеңдi. Солай ғой? Ендi бiз салафиттердiң жемiне айналамыз ба? Бұған кiм нақты жауап бередi?
Сағатбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ,
Кентау қаласы.
"Жас Алаш" газеті