Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям Мозерді еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейтуге қосқан үлесі үшін америкалық дипломатқа алғыс айтты.
АҚШ-тың елшісі ретінде атқарған қажырлы еңбегіңізге ризашылығымды білдіремін. Құрама Штаттар – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш боп мойындаған елдердің бірі. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы достас екі ел халықтарының игілігі жолында Қазақстанның АҚШ-пен арадағы конструктивті ынтымақтастығын кеңейтуге бейілді екенін нақтылады.
Уильям Мозер Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Сонымен қатар, америкалық дипломат Вашингтонның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ниетті екенін жеткізді.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастыққа және аймақтық күн тәртібіне, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Мозерге алғыс хат пен арнаулы төсбелгі табыс етіп, алдағы дипломатиялық қызметіне жетістік тіледі.
857 рет оқылды