ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық курортты аймақтардың келешегі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бурабай курорты демалуға келген туристердің арқасында тұрғындарға табыс, мемлекетке пайда әкелетін болады», - деді Мемлекет басшысы Щучинскіде жаңадан ашылған шаңғы базасын аралап көргеннен кейін.
Сонымен қатар, Елбасы Қазақстандағы өзге туристік аймақтар мен олардың перспективалары туралы өзінің ойымен бөлісті.
"Бурабайдан кейін Имантау-Шалқар курортты аймақтары бар. Павлодар облысында Баянауыл курортының әлеуеті зор. Түркістан ерекше маңызға ие. Қаланы тез арада дамытып салатын боламыз. Ол жерде жақсы туристік орталық қалыптастырумыз керек. Туризм Түркістанда қазірдің өзінде бар. Әр жыл сайын оған 1,5 млн-ға жуық туристер келеді", - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Алматыдағы тау-шаңғысы курорты және Шарын шатқалы туралы айтты.
«Егер біз инфрақұрылымды салатын болсақ, бұл санды ұлғайтуға болады. Алматы облысында тау-шаңғысы курорты туралы айтып отырмыз. Оны алдағы уақытта дамыту қажет. Бұл жөнінде жоспар да, идея да бар. Шарын шатқалын елімізде білмейтін адам кемде кем. Тіпті шетелдіктердің өзі оны Солтүстік Америкадағы атақты шатқалмен салыстырады. Біз еліміздің сұлу табиғаты туралы жиі айта бермейміз. Сондықтан, мұны мықтап қолға алу қажет», - деді Елбасы.