21 нау, 2019 сағат 14:36

Біз астаналық болып қала береміз - Бақыт Сұлтанов

Біз - елорданың барша тұрғындары астаналық болып қала береміз. Бұл - қалыптасқан термин. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік желіде осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев алдағы 10 жыл елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосудағы шешуші кезең болатынын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі басымдық - тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру және әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін атап көрсетті. Бүгін біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Отанымыздың елордасы енді заманауи Қазақстанның негізін қалаушының есімімен аталатын болады. Президенттің бастамасымен біздің қала Нұр-Сұлтан деп өзгертілмек. Бұл бастама Ұлы дала елін құру идеясын іске асырғаны, елорда үшін еткен еңбектері үшін Тұңғыш Президентке алғыс білдіріп, құрмет көрсету мақсатында іске асырылуда», - деді әкім.

Одан бөлек Бақыт Сұлтанов елорда тұрғындары өздерін қалай атайтынына да қатысы пікір білдірді.

«Сонымен қатар біз, елорда тұрғындары - астаналық болып қала береміз. Бұл қалыптасқан термин. Жаңа дәуірдің бастамасы болған Наурыз мейрамы әр отбасына қуаныш пен гүлдену алып келсін! Сіздерге және жақындарыңызға денсаулық, бақыт және құт-береке тілеймін!» - деді елорда басшысы.