21 мау, 2021 сағат 13:27

Биыл жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің жаңа әдістемесі әзірленеді - Ерұлан Жамаубаев


Биылғы жылдың 5 айында жергілікті бюджеттердің кірістері 29 пайызға артығымен орындалып отыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселесіне қатысты келесіні атап өткім келеді. Қолданыстағы жалпы сипаттағы өзгермейтін трансферттерді 3 жылға қолдану әдістемесі унитарлық мемлекеттерге тән. Бұл өңірлерге қосымша алынған кірістерді өздеріне пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, 2017-2019 жылдары жергілікті бюджеттер 1 трлн теңгеге жуық асыра орындалып, ол өңірлердің өздерінде қалған болатын», - деді Е. Жамаубаев Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде.

Оның айтуынша, өткен жылдан бастап жергілікті бюджеттердің дербестігін арттыру үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы олардың шығыстар базасына берілді.

«Бұл жақсы шешім болды. 2020 жылы шағын және орта бизнестен корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 25 пайызға асыра орындалды. Биылжы жылдың 5 айында жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 29 пайызға немесе 367 млрд теңгеге артығымен орындалып отыр», - деді министр.

«Биыл Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің жаңа әдістемесі әзірленетін болады. Онда барлық іс жүзінде қалыптасқан шығыстар, оның ішінде инфрақұрылымның, жолдардың және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ағымдағы жай-күйі ескерілетін болады. Сондай-ақ, жаңадан іске қосылатын объектілерді күтіп ұстау бойынша қаражат ескерілмек. Барлық көрсеткіштер мен коэффициенттер қайта қаралады», - деді ол.