07 сәу, 2022 сағат 17:10

Биыл ұлттық қордан 1 трлн 636 млрд теңге жұмсалады - депутат


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айбек Паяев тау-кен саласын әкімшілендіру шараларын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілісте «ҚР Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға кепілдендірілген трансферт туралы» ҚР заңына өзгеріс енгізу туралы» Заң жобасы қаралып жатыр.

Жиын барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Айбек Паяев нақтыланған бюджеттің шығыс бөлігі, жалпы алғанда, орынды дегеп пікір айтты.

«Бюджеттің шығыс жағы ұлғайып жатқанын білесіздер. Оның нақты себептері бар. Қаңтардың басында Президент бірнеше тапсырма берді. Жолдауында да айтып кетті. Осы тапсырманың бәрін жүзеге асыру үшін қомақты қаражат бөлініп отыр. Бюджеттің шығыс бөлігі 2,7 трлн теңгеге ұлғайды десек, оның ішінде Ұлттық қордан қосымша 1 трлн 636 млрд теңге бөлініп жатыр. Әрине, үлкен ақша. Оның бәрі елдегі тұрақтылықты сақтап, мемлекет экономикасының әрі қарай дамуына үлес қосуға, өңірлерді дамытып, ең басты мәселе, бұл қаражаттың бәрі халыққа толығымен жетуі керек. Сондай-ақ, келешекте салық базасын кеңейту арқылы Ұлттық қорға қайтып түсуі керек», - деді ол.

Депутат келешекте Ұлттық қорға қол жая бермес үшін фискалдық саясатты қайта қарау керек деген пайым айтты.

«Мен Ұлттық экономика министрлігіне сұрақ қойып отырмын. Келешекте салық базасын ұлғайту арқылы, жалпы тау-кен саласындағы әкімшілендіруді сапалы жүзеге асыру арқылы, сол жердегі салықтық жүктемені қайта қарау арқылы бюджетке қомақты қаражат түсіруге болады. Біз оны міндетті түрде істеуіміз керек. Өйткені биыл фискалдық органдар республикалық бюджеттің кіріс бөлігін 955 млрд теңге артығымен орындауы керек», - деді Айбек Паяев.