14 мау, 2021 сағат 19:11

Биыл ұлттық халық санағын өткізуге 5,2 млрд теңге жұмсалады


2021 жылы халық санағын өткізуге 5,2 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мәлім еткен.

Қаржының шығыс бөлігі, яғни, 4,259 млрд теңге санақ жүргізуге тартылатын қызметкерлер мен штаттан тыс қызметкерлерге еңбекақы ретінде төленеді. 

Санаққа 32 мыңнан астам интервьюер тартылады. 

2018-2023 жылдар аралығында ұлттық санақты қаржыландыруға қажетті сома - 9,1 млрд теңге.

Санаққа дайындау және оны өткізумен ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов басқаратын арнайы комиссия шұғылданады. 

Бұған қоса, агенттіктің 2021 жылға жоспарлаған жиынтық бюджеті - 18,8 млрд теңге көлемінде (2020 жылы – 12,8 млрд теңге).

Оның ішінде:

• Агенттіктің орталық аппаратының бюджеті– 325 млн теңге ( 2020 жылы – 59,7 млн теңге);

• Агенттіктің Ұлттық статистика бюросының бюджеті – 18,7 млрд теңге ( 2020 жылы– 12,7 млрд теңге).

Агенттіктің биылғы бюджетін арттыру қарастырылмаған. 

Керісінше, санақ өткізілгеннен кейін агенттіктің штаттық санын бірмезеттік 25% қысқарту жоспарланған, әрі жыл сайын 2024 жылға дейін бюджеттік шығындарды 10-18% көлемінде жүйелі түрде қысқарту көзделіп отыр.