Биыл Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 130 мыңнан астам талапкер өтініш берді. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 28 сәуірде басталып 14 мамырға дейін жалғасады. Өтініштерді қабылдау әдеттегідей Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 130 мыңнан астам талапкер өз өтініштерін беріп үлгерді. Осы жылдың түлектері үшін аса маңызды жаңалықтың бірі - ол талапкердің екі рет негізгі ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Демек, ҰБТ кезінде тестілеушінің тест тапсыруға екі мүмкіндігі бар. Екеуінің бірінің нәтижесін таңдап, конкурсқа қатыса алады. ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді», деді департамент директоры Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, негізгі ҰБТ-ға орта білім беру ұйымдарының осы жылғы түлектері; орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері және басқа да санаттағы талапкерлер қатыса алады.
«Пәндердің саны өзгеріссіз қалады – үш міндетті және екі таңдау бойынша. Тапсырмаларының саны – 120. Өзгеріс болған жоқ. Оның ішінде Қазақстан тарихынан - 15, математикалық сауаттылықтан - 15, оқу сауаттылығынан - 20 және екі бейіндік пәннен 35 сұрақтан болады. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат», деді деді Әділет Тойбаев.