05 жел, 2018 сағат 14:26

Биыл Түркістан облысында 2680 пәтер өз иесін тапты

Түркістан облысында биыл 350,1 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 2680 пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,1%-ға артық, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгінде өңірде 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 500 пәтері, яғни 35 тұрғын үй  пайдалануға беріледі.

Облыстық құрылыс басқармасының  басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәліметінше, өңірде сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй қорын құру бойынша ағымдағы жылы мемлекеттік бюджет есебінен 2449 пәтерлі үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан өзге, инженерлік коммуникацияларды жеткізу бойынша мемлекеттік бюджет есебінен 15 нысан салынуда.  Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша жылдық жоспар толығымен орындалып, 350,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өңірде 2018 жылдың жоспары - 140,8 млрд теңге болып белгіленген. Жоспар  97,3 млрд теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 102,6%-ды құрады. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі қала-аудандарда пәтер кезегінде тұрған азаматтар арендалық баспанамен қамтылып отыр.

Мәселен, Арыс қаласындағы «Көктем-2» шағынауданында 36 пәтерлі үш бірдей көпқабатты үй тұрғызылды. Қазіргі таңда бұл үйлердің құрылыс жұмыстары жоспар бойынша толығымен аяқталып, қабылданған. Айта кету керек, Арыстағы нақ осы тұрғын ауданда, мұнан бөлек, тағы 36 пәтерлі көпқабатты үш үй салынып жатыр. Ал қала бойынша 1397 азамат үй кезегінде тұр. Сарыағаш ауданында өткен жылы 19,9 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Ағымдағы жылдың 10 айында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 24 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағында «Нұрлы жер» бағдарламасымен бес қабатты, 585 пәтерлі 13 үйді алты құрылыс мекемелері салуда. Жалпы сметалық құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 13 үй келер жылы толық пайдалануға беріледі.  

Облыс орталығы Түркістан қаласындағы «Отырар» мөлтекауданында мемлекеттік қаржы есебінен 11 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылып жатыр.  Бұдан басқа арендалық бес қабатты 60 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.