12 шіл, 2021 сағат 20:02

Биыл тұрғын үй бағасы қаншалықты қымбаттады?


Жыл басталғалы Қазақстанда тұрғын үй бағасы қаншалықты өсті? Бұл сұраққа ҚР Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл елімізде қаңтар-маусым айында жаңа салынған тұрғын үйдің бағасы 9 пайызға өскен. Ал қолданыстағы тұрғын үйдің бағасы 14 пайызға артқан. Ал отандық құрылыс материалдарының бағасына келсек, биыл қаңтар-мамыр айында 19 пайызға өскені байқалды», - деді Б. Сәмбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, отандық және шетелдік құрылыс материалдары бағасымен қатар, шикізаттың бағасы да өскен. 

«Осы орайда құрылыс материалдарын өндірушілер тарапынан нарықта алыпсатарлық әрекеттің орын алғаны байқалады. Сол секілді агенттік әділ бәсекелестікті қорғау саласында құқықбұзушылықты анықтады және ол баға келісімімен байланысты. Яғни бағаны өз бетімен орнату», - дейді ол.