02 там, 2022 сағат 20:54

Биыл Түлкібаста 3 мектеп пайдалануға беріледі


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түлкібас ауданына жасаған жұмыс сапарында аудандағы құрылыс нысандарындағы жұмыстар барысымен танысты. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жобаларды саралады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы биыл ауданда 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бір мектеп осы оқу жылының басында, яғни, қыркүйекте берілсе, 2 білім ұясы жыл соңына дейін тапсырылмақ. Сонымен қатар 1 мектепке қосымша корпус соғылуда. Биыл жыл басында халық санының артуына байланысты үш мектепке қосымша корпус бой көтеріп, пайдалануға берілген. Өңір басшысы Абайыл ауылындағы Н.Қасымбеков атындағы жаңа мектептің құрылысын көрді. Мердігер мекеме «ШАХ» ЖШС салып жатқан мектептің сыйымдылығы – 100 орын. Құрылысы бір ай көлемінде толық аяқталмақ.

«Білім саласын дамыту – назардағы іс. Былтыр елімізде салынған мектептердің төрттен бірі біздің өңірде бой көтерді. Биыл Түркістан облысында 59 мектептің құрылысы қолға алынған. 21 білім ұясын биыл пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр», – деген Өмірзақ Шөкеев құрылысқа асқан жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Балықшы ауылындағы Ж.Нарботаұлы көшесінің орташа жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Ұзындығы 1,4 шақырым көше жақында ел игілігіне беріледі. Аудан әкімі Нұрлан Байғұт инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Облыс әкімі Т.Рысқұлов ауылы, «Бахыбек» мөлтек ауданының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жүргізу және дамыту мәселелерімен де танысып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Шарафкент ауылындағы «Боз» каналының құрылысына қатысты да өз ойын білдіріп, жобаның маңызды екенін айтты. Өңірде каналдарды жөндеу, ағын су мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Жоба аясында 11 шақырымнан астам канал жөнделеді. Ол жұмыстар 2023 жылы аяқталмақ. Осы арқылы ауданда ағын сумен қамту көрсеткіші артып, диқандарға жағдай жасалады.

Жұмыс сапарында Өмірзақ Шөкеев Жаскешу ауылындағы «Жер Ана» шаруа қожалығында болды. Шаруа қожалығының басшысы О.Көлбаевтың айтуынша, мұнда бидай, арпа және жоңышқа өсіріліп жатыр. Жобаның қуаттылығы – гактарына 35 центнер. 420 гектардың 200 гектарына бидай егілсе, қалғанына арпа мен жоңышқа өсірілген. Аталған шаруашылықта 25 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі егістікті әртараптандыру, жаңа технологияларды қолдану, суды үнемдеу аса маңызды екеніне тоқталып, өңірде ауыл шаруашылығына қолдау көрсету жалғасатынын мәлімдеді.

Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға орналастырылып, дала жұмыстары толығымен аяқталған. Егіс көлемі өткен жылдан 14,4 мың гектарға ұлғайды.