26 қаң, 2021 сағат 10:55

Биыл тамақ өнеркәсібінде 49 кәсіпорын іске қосылады

2021 жылы тамақ өнеркәсібінде 49 кәсіпорын іске қосылады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру міндеттерін шешу аясында 2023 жылдың соңына дейін барлық негізгі 29 азық-түлік позициясы бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізіледі. 2021 жылы тамақ өнеркәсібінде 49 кәсіпорынды іске қосу, сонымен қатар 2 мың гектардан астам бақ егіу жоспарланып отыр», - деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысының айтуынша, балық саласының әлеуетін жедел жүзеге асыру жұмысы жалғасады. 

Нәтижесінде 2021 жылы өндіріс көлемі 61 мың тоннаға артып, салаға салынған инвестиция көлемі 3 есе ұлғаяды. 

«Аталған динамика есебінен экспорт көрсеткіші айтарлықтайжақсарып, импортқа тәуелділік төмендейді. Кешенді экожүйе қалыптастыру негізіндегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа әдістері АӨК өнімдері экспортының көлемін 2021 жылы 15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте қайта өңделген өнім үлесі 35 пайызды құрайды. Аталған жұмыстар аясында2021 жылы-ақ 67 мың жаңа жұмыс орны құрылады», - деді Премьер-министр.