Биыл санавицаия қызметі 1 500 астам ұшуды орындаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Санитариялық авиация күштерін тарту тек республика шегінде ғана жүзеге асырылмайды, сонымен қатар шетелде ауыр жағдайда жатқан Қазақстан азаматтарын немесе оралмандарды халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру да жүзеге асырылады.
2019 жылдың 7 айында Қазақстанның санитариялық авиациясы шетелдік клиникалардан отандық медициналық ұйымдарда емделуді жалғастыру үшін 15 қазақстандықты тасымалдады.
2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР санитариялық авиациясы таяу және алыс шетелдерден (Тайланд, Түркия, Швейцария, АҚШ, Оңтүстік Корея, Египет, Қырғызстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және т.б.) 74 қазақстандықты тасымалдады.
Санитарлық авиация ҚР Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына (ҰШМҮО) жатады. Жылдың басынан бері ҰШМҮО 1 513 ұшуды жүзеге асырды. Сондай-ақ, орталық құрылғаннан бері 15 498 ұшуды орындаған.
«Шалғай аудандарында тұратын халыққа уақытылы және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету мақсатында, пациенттің орналасқан жері бойынша медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан мұндай көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда ҰШМҮО санитариялық авиация нысанындағы күштері тартылады. Шұғыл медициналық көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайларда санитариялық авиация оған мұқтаж әрбір адамға оның орналасқан жеріне және маршрутының қиындығына қарамастан, әуе көлігін пайдалана отырып, барынша жылдам және сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған», делінген хабарламада.
Биылғы 7 айының қорытындысы бойынша орталық мамандары 1 855 пациентке медициналық көмек көрсетті, 2 094 медициналық қызмет орындалды, оның ішінде: 1 377 пациенттерді тасымалдау (65,8%), 290 консультация беру (13,8%) және 132 операция (6,3%) және 295 телемедицина рқылы консультация беру (14,1%).
2019 жылдың басынан бері санавиация 6 рет донорлық органдарды әуе арқылы жеткізген.
Санитариялық авиация жарақат, жазатайым оқиға мен улану (22,9%), балалардың патологиясы (22%), қан айналымы жүйесінің ауруы (20,4%), жаңа туған нәрестенің патологиясы (14,1%), акушерлік-гинекологиялық патология (12,5%) және басқа аурулар (8,1%) бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетеді.