Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 24 мың бала бірінші сыныпқа барады. Сегіз мектеп үш ауысыммен жұмыс істейтін болады. Білім саласындағы осы және өзге де мәселелер жөнінде «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үш ауысымды мектеп мәселесін шешуді Елбасы да айтты. Президентіміз де қозғады. Ол тапсырманы енді орындауымыз керек. Дегенмен, статистикаға мән берсек, қаламыз тез өсіп жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2008 жылы қалада 73 мектеп, 75 мың оқушы болған екен. Биыл жаңадан салынып жатқан мектептерді қосқанда қыркүйек айында 111 мектеп болады. Оған 183 мың оқушы келді. Тек бір жылмен салыстырар болсақ, былтыр 1-сыныпқа 18 мың оқушы барған, ал биыл – 24 мың оқушы. Ал өткен оқу жылын 6 мың оқушы бітірді. Ал олардың орнына төрт есе көп оқушы келіп отыр. Міне, қандай айырмашылық», - деді ол.
А.Көлгіновтің айтуынша, қала өскен сайын әлеуметтік нысандарға да салмақ түседі.
«Сол себепті бізде қазір үш ауысымды мектептер бар. Оны жасырмаймыз. Оны шешу үшін кешенді жоспар бекіттік. Алдағы 5 жыл ішінде 40 мектеп салынуы керек. Бұл, бюджеттің есебінен. Бірақ біз бюджетке қарап отырмауымыз керек. Бұл мектеп те, балабақша да инвесторлар үшін өте қолайлы. Жақында біз инвестициялық кеңесте 10-нан астам мектеп жеке инвесторлар есебінен салынатын жобаны қолдадық. Біз жер береміз, ал инвестор өз қаржысына мектеп салады. Ол да жақсы. Әлеуметтік мәселе шешілгені мемлекетке де жақсы әрі өзінің бизнес жобасын жүзеге асыратын инвесторға да жақсы. 30 млрд теңгеге жуық инвестиция қарастырылады. Ол жерлерге шетелдік үздік тәжірибелерді алып келеміз. Себебі, ел астанасы болған соң әлемнің дамыған мемлекеттеріне қарап бой түзеуіміз керек. Біз бәсекелестікке төтеп беретін ел болсақ, білім саласына көп көңіл бөлуіміз қажет. Білімнің сапасы болмаса бізде даму болмайды», - деді ол.
Мәлім болғандай, биылғы қыркүйекте сегіз мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді.
«Сол жеке инвесторлар Сингапурдан бар, Біріккен Араб Әмірлігінен бар, өзіміздің қазақстандық инвесторлар бар, еуропалық, мысал үшін Кембридждің немесе басқа да Финляндияның тәжірибесін іске қосам деген инвесторлар бар. Сол мемлекеттің есебінен және инвесторлардың есебінен осы мәселені шешеміз деген жоспар бар. Ол енді нақты орындалатын жоспар. Мысалы, биылдың өзінде сегіз мектеп салынып жатыр. Сегіз мектеп — жаңа мектеп, мемлекеттік бюджеттен ол бес мың орынды ашады. Ал бізде қазір мектептерде он жеті мың бала дефицит болып отыр. Яғни он жеті мың бала, оған тиісті мектеп керек. Сондықтан осы қыркүйекте бізде үш ауысымды сегіз мектеп болады. Біз сегіз мектеп салдық дейміз, ол бес мектептің үш ауысымдық мәселесін шешті. Одан бөлек, қазір енді жиырма төрт мың бала бірінші сыныпқа келгеннен кейін бізде тағы қосымша сегіз мектеп үш ауысымды болатын түрі бар. Бірақ бұл — шешілетін мәселе. Үш ауысымды деген сөз ол енді, әрине, білімнің сапасына әсер етеді. Мысалы үшін кейбір мектептерде отыз бес, отыз сегіз немесе қырыққа дейін жеткен орындар болды. Сол мынау жаңадан салып жатқан мектептер осы мәселені шешеді», - деді әкім.
Елорда басшысының сөзінше, білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі –мұғалімдердің тапшылығы.
«Көріп отырсыздар, мұғалімдердің саны көбейіп жатыр, мұғалімдерді дайындап үлгеруіміз керек қой. Сол себепті бүгін біз педагогтың мәртебесі жайлы заңды талқылап жатырмыз. Білесіздер, бұл Елбасының тапсырмасы болды, Президент қадағалап отырды. Сондықтан педагогтың мәртебесі жайлы заң мұғалімге деген үлкен мемлекеттік қолдауды көрсетеді. Соның бірі — тұрғын үй мен жеңілдіктер немесе бір өзінің біліммен немесе тәрбиемен айналысу керек, басқа оның міндетіне кірмейтін жұмыстармен біз мазаламауымыз керек, сондықтан біз жақын арада тек жас мұғалімдерге үш жүз елу орындық жатақхана береміз. Соны қазір біз дайындап жатырмыз. Сонымен бірге біз сертификат та беріп жатырмыз. Алғашқы жарна, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бір миллион теңгеден екі жүз жетпіс бес сертфикатты бердік. Сол мұғалімдерді ынталандыруымыз керек. Себебі білімнің сапасы болуы керек дейтін болсақ, мұғалімнің сапасын арттыруымыз керек. Осындай жүйелі түрде жұмыс атқарылып жатыр», - деді А.Көлгінов.