10 нау, 2022 сағат 12:28

Биыл мұнай-газ саласында қандай ірі жобалар іске асады?


Биыл 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ірі мұнай-газ кен орындарында жобалау жұмыстарын жүргізуге ынталандыру. Аталған іс-шара мұнай-газ және кен орындарындағы геологиялық барлау жұмыстарының санын арттыруға жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған. Оның аясында 2025 жылға дейін шамамен 2 500 уақытша жұмыс орнын құру жоспарлануда. Мұнай-газ химиясы кластерін құру. Құрылысы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылатын 7 жобаны іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, осы жылы қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, өткен жылы Қашағанда қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланған.

Сондай-ақ қуаты жылына шамамен 1 млн тонна полиэтилентерефталат, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен өндіру жөніндегі ірі жобаларды іске асыруға назар аударылатын болады. Өз кезегінде, осы жобаларды іске асыру 2022-2025 жылдар кезеңінде 2,5 мың тұрақты және 12 мың уақытша жұмыс орындарын құруды көздейді», - деді Болат Ақшолақов.