06 жел, 2022 сағат 11:59

Биыл Қазақстаннан Ресейге тауар экспорты 15,1 пайызға өсті


Биыл Қазақстаннан Ресейге тауар экспорты 15,1 пайызға өсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

2022 жылдың 9 айында ҚР мен РФ арасындағы сауда 18,4 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1 миллиард артық (17,5 млрд АҚШ доллары). Мұндай деректерді Қазақстан мен Ресейдің XVIII өңіраралық ынтымақтастық Форумының пленарлық отырысында Премьер-министрдің орынбасары - ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин келтірді. Ресей 36 пайыз үлесімен (12.4 миллиард АҚШ доллары) Қазақстанға импорттық жеткізілімдерде басымдық танытуда.

Ресей Федерациясы Қазақстанның стратегиялық сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Ресейге экспорт 15,1 пайызға өсіп, 5,9 миллиард АҚШ долларын құрады.

Сондай-ақ, Серік Жұманғарин сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның Ресейге 180 тауар позициясы бойынша шамамен 1 миллиард АҚШ доллары сомасына экспорт көлемін ұлғайту мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Өңірлер бөлінісінде Ресеймен сауда қатынастарын Абай, Ұлытау, Павлодар және Қостанай облыстары белсенді дамытуда, олардың тауар айналымы 2,7 миллиард АҚШ долларына жетті. Жалпы, Ресей мен Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы шекара маңы облыстарының сауда үлесі 2022 жылдың 6 айында 37,7 пайыз немесе 4,4 миллиард АҚШ долларын құрады.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен РФ арасындағы тауар айналымы 24,6 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 31,2 пайызға артық (18,8 миллиард АҚШ доллары).