Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын 2017 жылдың І жартыжылдығында іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл Астана әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталып, «Нұрлы жол» жаңа темір жол вокзалы пайдалануға берілгенін айтты. Жаңа вокзалдың өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыны, ал қолданыстағы вокзалмен қосқанда жалпы көрсеткіш тәулігіне 47 мың жолаушыны құрайды. Бұл көрсеткіш астаналық жолаушылар ағынының қажеттілігін толықтай жабады.
Сондай-ақ, биыл мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру көзделген. Орталық — Оңтүстік, Орталық — Шығыс, Бейнеу — Ақтау, Ақтөбе — Атырау, Қапшағай — Талдықорған, Астана — Петропавл және Орал — Каменка жобаларында жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырым құрылыс жұмыстары жалғастырылуда. Іске асырылып жатқан жобалар бойынша тоғыз айда 177,5 млрд теңге игерілген, 75 мың адам тартылған.
Жыл қорытындысы бойынша 602 шақырым жол төсемінде жұмыстарды аяқтап, Астана — Павлодар — 232 шақырым, Бейнеу — Ақтау — 230 шақырым, Қордай а. айналма жолы — 40 шақырым, Орал — Каменка — 50 шақырым, Ақтөбе — Атырау — 26 шақырым және Қапшағай — Талдықорған — 24 шақырым жолда қозғалысты ашу жоспарланып отыр.
Жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің жүйесін 2017–2018 жылдары жаңғырту саласына Ұлттық қор қаражаттарынан 1222,7 шақырымға жуық желіге реконструкциялау жұмыстарын және құрылыс жүргізуге 53 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдары 2155,8 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желісі, 21 қазандық және 38 сорғы стансасы салынып, реконструкцияланды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 119 жобаны іске асыруға 86,9 млрд теңге бөлінді. 1 қазандағы жағдай бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің игеруі 76,9 млрд теңгені немесе бөлінген қаражаттың 89%-ын құрайды», — деді Ж. Қасымбек.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру саласындағы жобаларды іске асыру туралы ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Сондай-ақ, Үкімет отырысында «Самұрық–Қазына» ҰӘҚ төрағасы Ө. Шөкеев те сөз сөйледі.
Еске сала кетейік, бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселесі қаралды.