14 мау, 2018 сағат 12:20

Биыл Қазақстан мектептерінің 40% ағылшын тілінде оқытуға көшеді - БҒМ

Алдағы оқу жылында Қазақстанның екі мыңға жуық мектебі 10-ыншы және 11-інші сыныптар үшін бірнеше пәнді ағылшын тілінде оқыта бастайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік жүргізген зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың 80% пәндерді ағылшын тілінде оқыту керек деп есептейді. Жалпы 91% ағылшын тілін үйренуді өте өзекті деп санайды.

«1 қыркүйекке ағылшын тілін В2 деңгейінде білетін 7 мың педагог дайын болады. Олар 1 қыркүйектен бастап, төрт пәнді (химия, физика, биология, информатика) ағылшын тілінде бере бастайды. Сондықтан, 2018-2019 оқу жылында жалпы білім беретін шамамен 2 мың мектеп немесе мектептер санының 41 проценті 10-11-інші сыныптарға бір немесе төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуды бастайды», -  деді Асхат Аймағамбетов «Нұр Отан» партиясында өткен іс-шарада.

Оның айтуынша, білім беруді ағылшын тіліне көшірудің өзіндік тәсілдері бар және оқушылардың дайындық деңгейі де ескерілуі тиіс.

«Бастайды деп әдейі айтып отырмын. Себебі бұл екі мың мектеп қыркүйектен бастап, автоматты түрде ағылшын тілінде оқытуға толық көшпейді. Мұнда арнайы методика мен технологиямыз бар. Мәселен, біздегі қазақ-түрік лицейлері алғашында терминологияны оқытудан бастады, кейінірек оқу бағдарламасының - 25%, кейінірек - 50%, одан кейін - 75%, осылайша 100% ағылшын тілінде оқытуға көшті. Сондықтан, оқушылардың дайындығын да ескерген жөн», - деді вице-министр.

Мәлім етілгендей, 2019-2020 жылдары аудан орталықтарындағы толық жасақталған мектептер, қалалар мен арнайы мамандандырылған білім беру ұйымдары (республика мектептерінің шамамен 65%) ағылшын тілінде сабақ беруге көшеді.

«Бұл мектептерде шамамен 12 мың  педагог жұмыс істейді. 12 мың педагогты келесі жылға дейін дайындауды жоспарлап отырмыз», - деді А. Аймағамбетов.