Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов «2021 жылдың мамыр-маусымына» арналған болжамды раунд бойынша инфляцияның жеделдеуі, базалық ставканың бір деңгейде қалуы және төлем балансының жақсаруы туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, экономиканың нақты секторындағы қалпына келтіру процестері қарқынды. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы айтарлықтай төмендеуден кейін, наурыз-сәуір айларында экономиканың жағымды қарқыны байқалды. 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ-нің шынайы өсімі жылдық көрсеткіште 0,7% болды.
Экономиканың кейбір салаларында іскерлік байланыс жақсарған соң, шынайы жалақының өсуіне байланысты, сондай-ақ зейнетақы мен шәкіртақының бюджеті артқаннан кейін халықтың әл-ауқаты да жақсарып, ол өз кезегінде тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне ықпал етті. 2021 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, халықтың шынайы кірісі жылдық көрсеткіште 3,4% артты.
«Ал, тұрғын үй құрылысындағы инвестицияның қарқынына тоқталсақ, бұнда да жоғары өсім сақталып отыр. Оның үстіне, бұл сала мемлекеттік ипотекалық несиелендіру бағдарламалары мен Мемлекет басшысының тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін шешуге рұқсат беру туралы бастамасымен қолдау тапты»,- деді спикер.
Экономиканың тез қалпына келуін ескере отырып, Ұлттық банк экономика өсіміне қатысты болжамын арттыру тұрғысынан қайта қарап шықты.
«Экономика салаларындағы іскерлік белсенділік барынша тез қалпына келіп, халықтың табысы артады деген болжам бар. Бұл өз кезегінде жиынтық сұраныстың кеңеюіне ықпал етеді, ол экономика өсімінің драйвері болады. Сонымен қатар, ЖІӨ-нің қарқынын ұстап тұруға импорттың қалпына келуі ықпал етеді. Экспорт осы жылдың екінші жартысында қалпына келеді деп күтіліп отыр. Оған ОПЕК+ шектеулерінің жеңілдетілуіне қарай мұнай өндірісі көлемін арттыру, Қазақстанның экспорттық тауарларына сыртқы сұраныстың артуы ақпал етпек.
Бұдан өзге, биыл бюджеттің шығындары көбеюі жағына қарай қайта қаралған болатын. Өз кезегінде, барынша жағымды шынайы импульс ішкі сұраныстың қалпына келуіне ықпал етеді, сол арқылы экономиканың өсіміне де, инфляциялық процестерге де өсім сипатында ықпал етеді», - деді Ұлттық банк басшысының орынбасары.
«2021 жылдың ақпан-наурызы» болжамдық раундымен салыстырғанда Ұлттық банк базалық сценарий бойынша мұнай бағасын қайта қарады.
Қазір Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне шамамен 70 АҚШ долларына шақ болып тұр. Бұл, әлем елдеріндегі жаппай вакцинация мен мұнай көлемін азайту туралы ОПЕК+ келісімі аясындағы әрекеттерден кейі мұнайға әлемдік сұраныстың қалпына келуімен байланысты. Алайда, мұнай өндіру көлемі әлем бойынша ақырын-ақырын арта бастаған соң әлемдегі мұнай бағасы қазіргі көрсеткіштен азаяды және Ұлттық банк базалық сценарий ретінде 2021-2022 жылдары Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 60 АҚШ долларын құрайды деп болжап отыр, бұны халықаралық ұйымдардың болжамы да растайды.
Базалық сценарийге сәйкес, 2021 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 3,6–3,9% деңгейінде болып, ары қарай келесі жылы 4,0%–4,3%-ке дейін жеделдейді деген болжам бар.