Биыл Қазақстанның картоп экспорттауға мүмкіндігі бар. Бұл жайында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Картоптың ішкі нарықтағы айлық қажеттілігі - 152,7 мың тонна. Әкімдіктердің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда картоп қоры 124,9 мың тонна болады. Маусым айынан бастап ерте пісетін картоп жиналып жатыр. Оның жалпы көлемі 270,9 мың тоннаға жетті. Тамыздың бірінші жартысында 7,8 мың тонна жинау жоспарланған. Бұл ішкі нарықты молықтыруға және картоп бағасының тұрақтануына ықпал еткенін айта кеткім келеді. Осы айдың басынан бері картоптың бағасы 5% төмендеді. Қыркүйектен бастап күзгі картопты жинау басталады, оның көлемі 4 млн тоннадан асады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және белгілі бір көлемді экспортқа жөнелтуге мүмкіндік береді», - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Оның мәліметі бойынша, қырыққабат пен сәбіз нарығында жағдай тұрақты.
«Ерте пісетін қырыққабат пен сәбіз көлемі күзгі егін жинағанға дейін ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті. Тамыздың соңғы онкүндігінен бастап көкөніс өнімдерінің күзгі өнімі нарыққа шығады деп күтілуде», - деді ведомство басшысы.