02 мау, 2021 сағат 16:14

Биыл қара металлургия саласында 6 жоба іске қосылады


Биыл қара металлургия саласында 6 жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеуші өнеркәсіптің өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге жеткізуді тапсырды. Бұл номиналды мәнде алғанда саладағы жыл сайынғы өсім орташа 10 пайыз болатындығын көрсетеді. Міндет «Нұр-Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасына да енгізілген. 2021 жылға өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексінің 2020 жылға қарағанда 5,8 пайызға өсімі жоспарланған. Қара металлургияда биыл нақты көлем индексінің деңгейі 105 пайыз болып белгіленген», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, биыл ферроқорытпа өндірісі 10,5, болат өндірісі 17 және прокат өндірісі 19 пайызға артады деп жоспарланған. Мұнда негізгі міндет «АрселорМиталл Теміртау» мен «Қазхром» кәсіпорындарына жүктеледі. 

«Биыл біз Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында қосымша 6 жобаны іске қосамыз. Бұл жобалар ферроқорытпалар, құрылыс арматуралары, болат дәнекерленген құбырлар және басқа да металл өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Бейбіт Атамқұлов.