27 ақп, 2020 сағат 14:22

Биыл елордадағы электробустардың саны 100-ге жеткізіледі

Нұр-Сұлтан қаласында 15 электробус жолаушылар тасымалымен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазірдің өзінде қала ішінде 15 электробус халыққа қызмет көрсетіп жүр. Жақында ғана тағы 25-інің партиясы келді. Оларды жабдықтау жұмысымен айналысып жатырмыз. Атап айтқанда, оларға электрондық жүйе бойынша төлеу құралы орнатылуда. Олар да жақында жолға шығарылады», - деді City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов «Елордадағы қоғамдық көлік кешенін дамыту: кеше, бүгін, ертең» атты көрме-конференциясынан кейін тілшілерге.

Компания басшысы наурыз айының соңына дейін елордаға тағы біршама электробус әкелініп, олардың жалпы саны 100-ге жеткізілетінін айтып өтті.

«Автобус парктерін әрдайым жаңартып отыруды көздейміз. Себебі қала өсіп, халық көбейіп келе жатқаннан кейін қосымша автобустарды сатып алу керек болады. Жыл сайын шамамен 100-200 автобус қосылып отыру керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгінгі көрме-конференция барысында Бекмырза Игенбердинов елордада кәмелетке толмаған балалар қалаішілік қоғамдық көлікпен тегін жүретінін хабарлаған еді. Сонымен қатар халықтың алты санатына кіретін азаматтарға қала маңы бағдары бойынша қоғамдық көлік тегін болады. Ол алты санаттың ішіне зейнеткерлер, мүгедектер, соғыс ардагерлері, мүгедектерді алып жүрген адамдар, көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылардың мүшелері кіреді.