Биыл елімізде 70-тен астам педиатр оқуын аяқтайды. Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов осындай дерек келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірлік деңгейде балалар стационары жүйесінде қалалық және облыстық көпбейінді ауруханалар, инфекциялық балалар ауруханасы, облыстық перинаталдық орталықтар, перзентханалар мен аудандық ауруханалардың балалар бөлімдері қызмет көрсетеді. Бұл мекемелер білікті медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, қаралуға келген баланың әрі қарайғы жағдайын қадағалап, кешенді оңалту шараларын жүргізеді», - деп жазылған вице-премьердің жауабында.
Айтуынша, балаларға республикалық деңгейде медициналық қызмет көрсететін 3 мекеме бар.
Олар – Алматы қаласындағы 205 орынға шақталған «Педиатрия және балалар хирургиясы орталығы», Нұр-Сұлтан қаласындағы 285 орынға арналған «Ұлттық ана мен бала орталығы» және Алматы қаласындағы С.Д. Асфендияров атындағы қазақ медициналық унирверсиетінің «Ақсай» клиникасы.
«Қазіргі таңда интернатурада 57 адам, резидентурада 196 адам «Педиатрия» мамандығы бойынша оқып жатыр. 2021 жылы 74 педиатр бітіріп оқуды аяқтады. Биыл 72 түлек оқуын бітіреді деп жоспарланған. Осылайша медициналық білім жүйесінде педиатрия мамандарын даярлау ісі білім берудің барлық деңгейінде жолға қойылған», - дейді Үкімет басшысының орынбасары.