12 ақп, 2021 сағат 09:45

Биыл экономикалық өсім 3 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі – Асқар Мамин

Биыл экономикалық өсім 3 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сапалы әрі тұрақты экономикалық өсім теңгерімді макроэкономикалық саясат, экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестицияны таргеттеп тарту және экспортты проактивті ілгерілету есебінен қамтамасыз етіледі. Бюджет шығыстары оңтайландырылып, Ұлттыққордан қосымша трансферттер шектеледі. Экономиканы әртараптандырудың жаңа тетіктерін жүзеге асыру және бюджетті толықтыру нәтижесінде 2025 жылға бюджеттің мұнайдан емес тапшылығы 6 пайызға, ал жалпы тапшылық 3 пайызға дейін болады», - деді Үкімет басшысы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасын талқылау барысында. 

Оның атап өтуінше, 2020 жылы инфляция деңгейі 6,1 пайыздан 2025 жылға қарай 3-4 пайызға дейін кезең кезеңімен төмендейді. 

«2025 жылға қарай экономиканың жыл сайынғы өсім қарқыны 5 пайыздан асады. Биыл экономикалық өсім 3 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі. Инвестиция тарту жөніндегі жаңа шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде жалпы тікелей шетел инвестицияның жылдық көлемі 2021 жылы 15,9 млрд доллардан 2025 жылға дейін 30 млрд долларға артады. Бұл ретте Негізгі капиталға салынған инвестиция деңгейі 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін жеткізіледі», - деді Асқар Мамин.