Биыл егіс жұмыстары кезінде су аз болуы мүмкін. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық туралы брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, көктемгі егіс жұмыстарына жалпы 116,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» бойынша 70 млрд теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» тарапынан 1,8 млрд. теңге қарастырылған», - дейді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы.
Оның айтуынша, биыл егіс жұмыстары кезінде су аз болуы мүмкін.
«Осыған байланысты қауіптің алдын алу мақсатында биыл ақпан айында Экология министрлігінің бастауымен облыс әкімдіктері Ауыл шаруашылығы министрлігі, су шаруашылығы ұйымдары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен Оңтүстік өңірде бірқатар жиналыс өткізілді. Осы жиналыстардың қорытындысы бойынша су шаруашылығы ұйымдарына биылғы суару кезеңіне дайындық үшін суару жүйелерін мамыр айына дейінгі уақытта аяқтау тапсырылды. Суару, су беруді қатаң түрде сақтауды және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне суды көп талап ететін дақылдарды қысқарту бойынша ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, қазіргі кезде Экология министрлігі тарапынан су қоймаларына су жинау жұмысы жалғасып жатыр», - дейді ол.