28 мам, 2021 сағат 14:38

Биыл астық экспорты дәстүрлі нарықтарға бағытталады - Айдарбек Сапаров


Биылғы астық өнімділігі былтырғы деңгейде болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астық өнімділігі бойынша айту әзірге ертерек деп ойлаймын, себебі көктемгі егіс науқаны енді ғана аяқталып жатыр. Бұл науқанды оңтайлы мерзімде аяқтағанымыз қуантарлық жағдай деп есептеймін. Бұдан кейін алқаптарда тиісті өңдеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Сондықтан тиісті мәліметтерді шамамен 20 шілдеден кейін айта аламыз. Сол кезде дақылдар мақсақтанған кезде астық шығымдылығы бағаланады», - деді А. Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жауын-шашын қалыпты нормада болса, астық өнімділігі былтырғыдан кем түспеуі мүмкін. Астық экспортына тоқталсақ, жыл сайын 7-8 млн тонна бидай экспорттап келеміз. 

«Сондықтан 2021 жылы да осы деңгейде боламыз деп ойлаймын. Бізде дәстүрлі бұрынғы нарықтар қалып отыр. Яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан елдері бар», - деді бірінші вице-министр.