Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жыл аяғына дейін 75,4 млрд теңгенің шағын несиесін беру көзделген. Бұл іске өңірдегі әкімдіктер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы атсалысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында осындай мәлімет берді.
«Биыл жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге көзделген. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банктің облигациялық қарызы есебінен 200 млрд. теңге қарастырылған. Биыл жол картасы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, өңірлерде бизнесті дамыту сияқты төрт бағыт бойынша іске асырылады», - деді министр.
Ведомство басшысы бөлінген қаражаттың тең жартысына жуығы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталып жатқанын атады.
«Қаржыландыру лимиттері жұмыс күшінің үлесіне сәйкес айқындалып, өңірлер бойынша бөлінді. Қаражаттың негізгі бөлігі 42,5%-ы немесе 127,5 млрд теңге халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 100 млрд теңге, (33,3%), өңірлерде бизнесті дамытуға және «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы микрокредит беруге – 72,5 млрд теңге (24,2%) бағытталған», – деді Серік Шәпкенов.