26 сәу, 2022 сағат 15:16

Биыл 7,5 мың оқушы Алтын белгіге үміткер


Биыл еліміз бойынша 7500 мектеп түлегі «Алтын белгі» төсбелгісін алуға үмітті. Бұл туралы ҚР Білім және ғылыми вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр 9 мыңнан астам оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Министрлік бұл процесті қадағалауда ұстайды. Биыл елімізде мектеп бітіретін түлектердің саны 170 мыңнан асады. Осы оқушылардың арасында «Алтын белгіге» үміткерлер оқу жылының басындағы болжалды дерекке сәйкес 12 мыңнан асты. Қазіргі ақпаратқа сәйкес үміткерлердің саны 7500», - деді Шолпан Каринова министрлікте өткен эфир барысында. 

Сондай-ақ, вице-министр үміткерлерді «Алтын белгі» емтиханына енгізілген өзгеріске қатысты қобалжымауға шақырды. 

«Жергілікті білім бөлімі, басқармасы ауыл, аудан оқушыларын облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жеткізуді ұйымдастыруға жауапты. Сол сияқты оқушылар алдын ала НЗМ-ге барып, емтихан тапсыратын кабинетті көріп, танысуға құқылы», - дейді ол. 

Оның айтуынша, «Алтын белгіні» көбінесе еліміздің ірі қалаларындағы мектеп түлектері иеленіп келеді.