22 ақп, 2022 сағат 12:13

Биыл 6 су қоймасы қалпына келтіріледі


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Ақмола облысының Аршалы және Целиноград аудандарында жыл сайын тасқын қаупі туындауына антропогендік процес себепкер болып отыр. Бұл туралы ол Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл тағы 6 су қойманы қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Қалған 19-ы 2025 жылдың соңына дейін қалпына келтіріледі», - деген министр кейінгі жылдары көктемгі су тасқынына табиғи жағдайлар ғана емес, антропогендік процесстер де түрткі болып жатқанын атап өтті. 

«Мәселен, жыл сайын су тасқыны кезеңінде Ақмола облысының Аршалы және Целиноград аудандарындағы Есіл және Нұра өзендерінің арнасымен Астана су қоймасынан жіберу кезінде су басқан арнаның өткізу қабілетінің болмауына байланысты іргелес аумақты су басу қаупі туындауда. 

Аталған жағдайлар Қарағанды (Нұра өзені), Солтүстік Қазақстан (Сілеті, Есіл өзендері) және Қостанай облыстары (Тобыл өзені) аумағында орын алуда», - деді ол Үкімет отырысында. 

Министр осыған байланысты әкімдіктерге Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы проблемалық учаскелерде өзен арналарын тазартуды ұйымдастыру керектігін айтады. 

Сондай-ақ, ол жергілікті әкімдіктерге коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне назар аударып, коммуналдық меншіктегі су қоймаларын тасқын суларды қабылдауға дайындау қажеттігін еске салды.