29 там, 2018 сағат 11:03

Биыл 4, 9, 10-шы сыныптарда апробация басталады - Сағадиев

Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-ші кластар мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастайды деген министр Ерлан Сағадиев биылғы жылы да кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғаса беретінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуына қарағанда, өткен жылы орта білімге көп көңіл бөлінген.

"4, 9, 10-шы кластарда апробация басталады. Кезең-кезеңімен көшіп отырмыз. Мұғалімдер дайын. Оқулықтар дайын. Қазіргі күні Республика бойынша оқулықтарды мектептерге жеткізу 99,4%-ды құрады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін көп жұмыс жасалды. Биыл оқулықтардың сапасы жоғары болады деп сенеміз. Оқулықтардың электрондық нұсқалары енгізілді" - дейді министр.

Сонымен қатар, ол биылғы жылы 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілгенін айтты.

"Енді тек қана бір типтік оқу жоспары болмайды, бірнеше ТУП-тарды дайындап бекіттік. Мектеп өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс жасауына мүмкіндік бердік. Барлық мектептерге осы ТУП-тар арқылы академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейміз. Бұл жерде әр мектептің білуі қажет мәселе – қай ТУП-пен жұмыс істейтінін мектеп өзі шешеді. Жалпы мектептермен қатар гимназия, лицейлер, дарынды балаларға арналған мектептер үшін де, кешкі мектеп үшін де оқу жоспарлары мұғалімдер ұсынысы ескеріліп жасалды" - дейді ол.

Оның айтуынша, Елбасының бағдарламалық мақаласына орай жаңа курс оқытылатын болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-ші кластарда «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізіледі. Оқулықтар мазмұнын өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасадық. Бүгінгі күні оқулықтар дайын" - дейді Ерлан Сағадиев.