10 нау, 2022 сағат 10:54

Биыл 23,1 млн гектар алқапқа егін егіледі


Биыл Қазақстан бойынша егіс алқабы 23,1 млн гектар аумақты қамтиды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптасты. Осылайша, жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 125 мың гектарға артық», - деді ол. 

Министр орынбасарының мәліметі бойынша, өндірісті әртараптандыру және біртекті дақылдардан кету биыл да жалғасқапқ. Осыған байланысты бидай алаңы 368,1 мың гектарға азаяды.

«Жем-шөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн га құрады. Сонымен қатар, көкөніс дақылдарының шамалы өсуі байқалады, бақша дақылдары 2 мың гектарға төмендеді», - деген министрлік өкілі жергілікті әкідіктерге қайырылды.

«Әкімдіктерден назар аударуды сұраймын. Еске сала кетсем, Үкіметтің мақта мен күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту туралы тапсырмасы бар.

Алайда Түркістан облысында мақта алқаптары 5 мың гектарға өсімі байқалады. Оның негізгі себебі 2021 жылғы сатып алу бағасының 2020 жылға қарағанда 220 мың теңгеге артық болуы (тоннасына 350 мың теңге).

Күріш бойынша алқап көлемі 6,5 мың гектарға азайып, 89,9 мың гектар егілетін болады. 

Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдігі алдағы кезеңде оңтүстік өңірлерді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі Экология министрлігінің болжамын ескере отырып, тиісті жұмыс жүргізуі қажет.

Майлы дақылдар бойынша алқаптар 61,7 мың гектарға азаяды деп болжануда. Сонымен қатар бұл зығыр, мақсары және қыша сияқты дақылдар, күнбағыс алқаптары ұлғайтылды.

Қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызды мәдениеттің жоспарланған көрсеткіштері төмендейді. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның қызылша қант саласын дамыту жөніндегі жол картасы Үкіметтің бақылауында», - деді Айдарбек Сапаров.