11 қар, 2021 сағат 13:30

Биыл 148 ауыл таза ауыз суға қол жеткізеді


Биыл елімізде 148 ауыл орталықтанырылған сумен жабдықтау желісімен қамтылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде жалпы 6 316 ауыл бар. Оның ішінде 3 991 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етілсе, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қамтылмаған 1 922 ауылдың 793-іне орталықтандырылған сумен жабдықтау желісін салуды жалғастыру жоспарланып отыр. Ал 1 129 ауылда су тазалау дербес желісі орнатылатын болады. Биыл 148 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етіледі және тұрғындары аз 220 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылады», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында. 

Бірінші вице-министрдің дерегінше, 2021-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 181 млрд теңге қолдау тапқан. Бұл қаражат 284 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

«Бұған қоса, 20,6 мың тұрғыны бар 56 ауылда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі желісі арқылы ауылішілік сумен жабдықтау желісін салу жалғасады. Қаражатты тиімді жұмсау мақсатында 200-ден аз адамтұратын 1 129 ауылда су тазалау желісі орнатылатын болады», - деді Қайырбек Өскенбаев.