17 шіл, 2018 сағат 15:26

Бішкекте 2 Қазақстан азаматы ұсталды

Қырғызстанның астанасында ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен бір топ «гастролер-ұрылар» ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Бішкектің ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бішкектің Октябрь ауданының Ішкі істер басқармасына қаланың  шағын аудандарының бірінде тұратын адам хабарласқан. Азамат 2018 жылғы 3 сәуірде белгісіз адамдар пәтеріне кіріп, бағалы заттарын ұрлап әкетті деп арыз жазған.

Биылғы жылдың мамыр айында ІІБ-на Бішкектің тағы бір тұрғыны шағым түсірген. Оның айтуынша, бәз біреулер әйелдің үйіне кіріп, 50 мың сом ақшаны ұрлап, алып кеткен.

Аталған фактілер бойынша Қырғыз Республикасы ҚК 164-бабына («Ұрлық») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары кезінде Қазақстанның екі азаматы -1983 жылы туған Г. В және 1979 жылғы Ш. Р. ұсталды. Азаматтардың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Жедел тергеу шаралары жүргізілуде.

Жалдамалы пәтерді тінту кезінде күдіктілерден 5 ұялы телефон, сағат, электрошокер, қолғап, әр түрлі кілттер, зергерлік бұйымдарға арналған өлшеуіштер, долларлар мен сомдар тәркіленген. Ұсталған азаматтар Бішкек қаласының Ішкі істер бас басқармасының уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Бұған дейін де пәтер тонайтын қазақстандық «гастролер-ұрылар» 2018 жылы ақпан айында Қырғызстанның астанасында ұсталған болатын.