20 там, 2018 сағат 17:12

Бишімбаевпен бірге сотталған Жақыпов босатылады

"Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары, екі жарым жылға сотталған Аслан Жақыпов бостандыққа мерзімінен бұрын шығады. Бұл ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі де растады.

Хабарламада "Астананың Алматы аудандық №2 соты 14 тамызда сотталушы А.К. Жақыповтың мерзімінен бұрын бостандыққа жіберу туралы өтінішін қанағаттандырғаны" айтылған.

Жақыповты босатудың себебі ретінде сот оның мінездемесін, "қамауда артық ештеңе айтпай, түрме тәртібін орындап, жазасының үштен екісін өтегенін" атап өткен.

Сот шешімінде Аслан Жақыповты мерзімінен бұрын босату туралы қаулы әлі күшіне енбегені жазылған. Сот шешіміне қатысты 15 күн ішінде шағым түссе немесе прокурор қарсы болса, өтініш қайта қаралуы мүмкін.

Аслан Жақыпов 14 наурызда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевпен бірге сотталған. Оған дейін сот тергеуі кезінде Жақыпов пара алғанын мойындап, "қылмыстық қитұрқылыққа ұрынып қалғанын" айтып, Бишімбаевақа қарсы куәлік еткен. Ол - парламент мәжілісінің экс-спикері, қазір депутат Қабиболла Жақыповтың ұлы.