Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Қуандық Бишімбаев пен осы істегі басқа фигуранттардың апелляциялық шағымын қарап шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Бұл процесс сотталушылардың қатысуынсыз өтті.
"Бишімбаевқа қатысты апелляциялық шағым қанағаттандырылмады", - деп хабарлады сот алқасының төрайымы Алма Есімова.
Апелляциялық үкімді шығарған соң сот төрайымы шешімін түсіндіріп берді.
"Сот алқасы барлық дәлелдерді зерттей отырып, бірауыздан сотталушылардың барлығының кінәсі бар деген шешімге келді. Дәлелдер мен болжамдарды барлығы заңды және негізі бар. Олардың барлығы апелляциялық үкімде көрсетілген. Барлық эпизод бойынша, сонлай-ақ, Бишімбаевтің алдын ала келісімге келіп, пара алғаны жайлы расталды. Исабектен пара алғаны, шыны зауытынан ақша жымқырды деген айыптар да дәлелденді", - деді алқа сотының төрайымы Алма Есімова.
Биыл 14 наурызда Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталған болатын. "10 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметтерде басшы лауазымдарында жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын максималды қауіпсіз мекемеде өтесін, сондай-ақ, мүлкі тәркіленсін", - деп оқыған еді үкімді судья Әділхан Шайхисламов.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 30 желтоқсанында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатқаны белгілі болған еді. ҚР СІМ басшылық құрамымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қуандық Бишімбаевтың қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын.
"Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деп хабарлаған еді Антикоррупция қызметінің өкілдері.