Сотталған ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев сот үкіміне шағым түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР ҰЭМ бұрынғы басшысы шағымында өзіне қатысты үкімді заңсыз әрі негізсіз шығарылды деп есептейді.
"Растап бере аламын: өзі де, біз де - адвокаттары апелляциялық шағым түсірдік. Сот үкімімен келіспейміз. Қуандық Бишімбаев кінәсіз деп есептейміз. Сот тергеуі кезінде оның айыбы дәлелденген жоқ. Соталды тергеу кезінде де, сот тергеуі кезінде де қылмыстық-процестік кодекстің талаптары өрескел бұзылды деп санаймыз. Қорғану құқығы бұзылды. Басты дәлеліміз оның кінәсіздігі және айыбының дәлелденбеуі", - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісіне экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев.
"Бишімбаев өз көзқарастарын, дәлелдерін сот тергеуі кезінде, сөзжарыста және соңғы сөзінде түгелдей айтты. Ол бұл эпизодтарға қатысы жоқ екенін нақты түсіндірді. Біреу-міреулер заңды бұзған да шығар, бірақ оның қатысы жоқ. Оның қандай да бір әрекеттерге қатысы барын түгелдей жоққа шығарамыз", - деді Бишімбаевтың адвокаты.
Биылғы наурыздың 14-і Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қуандық Бишімбаевты пара алды деп айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Істің қалған 22 фигуранты түрлі жазаға кесілген болатын.