14 сәу, 2021 сағат 10:10

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына толықтырулар енгізіледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартудың 5 бағытын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қағидаларға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдаланудың 5 мақсаты көзделген: 

- тұрғын үй сатып алу кезінде сатып алу-сату, жекешелендіру, айырбастау, бөліп-бөліп төлеу шарттары бойынша, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша, сондай-ақ жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда, жеке тұрғын үй салу үшін толық есептесу; 

- ипотекалық қарыз алуға бастапқы жарна ретінде, тұрғын үй сатып алуға, берешекті өтеуге, ипотеканы банктер арқылы қайта қаржыландыруға; 

- тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу, қайта қаржыландыру, өтеу үшін; 

- ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу және осындай қаржыландыру бойынша берешекті өтеу үшін; 

- тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті өтеу үшін», - деген министрлік өкілі тұрғындардың ұсынысы бойынша осы қағидатты жетілдіру жұмыстары басталғанын айтты. 

«Бүгінгі күні Министрлік тетіктің іске асырылуын және келіп түскен өтініштерді талдау қорытындылары бойынша Қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жоба дайындады. Жоба барлық мүдделі органдармен және аккредиттелген ұйымдармен келісілгеннен кейін белгіленген тәртіппен қабылданады», - деді Қайырбек Өскенбаев. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. Яғни олардың құрылысын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд.теңге бөлу қажет.