07 қыр, 2019 сағат 17:05

Біржан салдың 185 жылдық мерейтойы аталып өтті

Ақмола облысында Біржан салдың 185 жылдық мерейтойы тойланды. Біржан сал ауданы әкімдігінің хабарлағандай, атаулы шара Степняк қаласындағы аудандық мәдениет үйінде сәндік-қолданбалы өнер, тарихи көрме, ұлттық қолөнер көрмесімен басталды. «Ғасырлар аманаты» тарихи-этнографиялық көрмесінде аудан тұрғындары мен қонақтарының назарына Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған қазақ халқының бағалы артефактілері мен материалдық және рухани мәдениетінің жәдігерлері ұсынылды. Көрмені Ақмола облысы мен Қазақстан өңірлерінің өнер майталмандары тамашалады.

Көрме Біржан сал және оның замандастары өмір сүрген рухани әлемге жанасуға және ұлттық тұрмыс заттарына жаңа көзқараспен қарап, олардың арасындағы терең өзара байланысты түсінуге мүмкіндік берді.

Бұдан соң шара ән дүлділі Біржан салдың өмір жолы мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциясы ұласты.

«Атақты академик Ахмет Жұбанов «Бiржан –қазақтың халықтық музыка мәдениетiнiң алыбы. Өнер қайраткерi, азамат Бiржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады» деген сөздері шындыққа айналып, міне бүгін біз баршамыз Ұлы бабамыздың 185 жылдық торқалы тойына куә болып отырмыз. Өз дәуірінде Сегіз сері, Нияз серілердің ізін жалғап, арқаның тұнығы шайқалмаған тұма өнері өрнегі бөлек дәстүрлі ән мектебінің сара жолын қалыптастырған Біржан сал,қазақ музыкасын жаңа биікке көтерді», - деді конференцияға қатысушылар.

Бұл күні мерейтойға жиналған халық от ауызды, орақ тілді Шөже, Сүйінбай, Құлтума, Тастанбектің Сарасы секілді қара сөздің қаймағын қалқып алған ақындар салған ізді жалғастырып келе жатқан, бүгінде есімдері елге танымал таланты өнері иелері Дидар Қамиев, Ботакөз Мұхитденова, Әлібек Серғалиев, Әсем Жұмағазина, Мақсат Ақанов, Арзыгүл Қайынбек сыңды ақындардың қатысуымен өткен ақындар айтысын да тамашалады.

Сонымен қатар, шарада аудан әкімі Ермек Нұғыманов өңірдің әлеуметтік - экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматты марапаттады. 

Мерекелік шара Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының театрландырылған қойылымы мен Қажыбай Жақин, Саян Мұхамедияров, Сәрсенбай Хасенов, Ерлан Рысқали, Дәулет Мұхтархан, Данияр Мұхан, бүгінде қазақ өнеріне тыңнан түрен салған өнерпаз Нұрсұлтан қалалық мемлекеттік академиялық филормониясының камералық хорының көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова сынды өнер майталмандарының қатысуымен өткен мерекелік концертке және ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған сайысқа ұласты.