29 қар, 2018 сағат 22:36

Бірыңғай қызмет көрсету офисі ашылды

Бүгін 1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Түркістан облысындағы тұңғыш Медиацияны дамыту орталығының «Бірыңғай қызмет көрсету офисі» Отырар ауданында ашылды.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов ашып, айтулы мерекемен және Бірыңғай қызмет көрсету офисінің ашылуымен жиылған көпшілікті құттықтады.

Жиында аудандық соттың төрағасы Әкімбек Жанасов пен «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің директоры Лаура Ақшегировалар сөз алып, елдің игілігі жолында ашылған орталық жақсылықтың жаршысы және игі істердің бастамасы болатындығына сенім білдірді.

Мұнан соң жаңа орталықтың ашылуына орай салтанатты түрде лантасы қиылып, қонақтар кабинеттермен танысып шықты.

Арнаулы орында тәжірибелі маман, кәсіби медиатор Ержан Арысбаев тұрғындарға сапалы қызмет көрсетсе, алдағы уақытта еңбек, отбасылық, қаржылық дауларға душар болғандарға тәжірбиесі мен біліктілігі ұштасқан мамандар құқықтық және психологиялық қызметтер көрсетпек.

Түс ауа елімізге белгілі медиатор Лаура Ақшегирова аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, елімізде қабылданған «Медиация туралы» Заңға, Заңнан туындаған міндеттерге тоқталды. Бітімшгершілік арқылы екі жақтың мәмілеге келуі – қазақтың әлімсақтан келе жатқан билер сотындағы ең тура жолдың бірі. Елдер арасындағы жер, жесір, мал дау-дамайлары қазақ билері арқылы шешілген, осының арқасында елдің бірлігі мен жердің тұтастығы сақталған. Яғни, жер дауы мен жесір дауы, құн өндіру секілді бітіспестің бітімін кесіп айтатын, толғақты дүниені тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып тарқататын бабамыздың билік жасау өнері, дау шешудің озық жүйесі «Медиация» атауымен енуде. Лаура Мұратқызы ҚР «Медиация туралы» Заңы өз деңгейінде жұмыс жасаған ретте даудың бітімгершілік жолмен екі жаққа бірдей тиімді шешілуіне, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ қылмыстық құқықтағы жеңіл дәрежедегі қылмыстар бойынша жәбірленушілер мен айыпталғандардың кешірімге келуіне, қылмыстық құқықты ізгілендіруге ерекше үлес қосатынын жеткізді.

Кездесу соңында «Медиацияны дамыту орталығының» өкілдері Отырар ауданы әкімдігімен және Отырар аудандық сотымен меморандумға қол қойып, тұрғындар арасында бірлесе отырып құқықтық жұмыстар жүргізу жөнінде келісімге келді.