Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев сот отырысында Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкеновке қарсы шағым білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сот алқасы заң бұзу фактісін растап, прокуратураға құжаттарды ағылшын тіліне аудару, оларды материалдарға қосу, бағалау арқылы бұзушылықтарды жоюды, содан кейін ғана сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында шешім қабылдауды міндеттеген.
Үш түрлі шешім болуы мүмкін – қылмыстық істі тоқтату, қылмыстық қудалауды жалғастыру немесе осы іс жөніндегі өндірісті уақытша тоқтата тұру. Сот алқасы Бас прокуратураны осы нұсқауларды орындауға міндеттеген. Конституцияның 76-бабы 3-бөлігі бойынша сот қаулылары Қазақстан аумағында орындалуға міндетті. Өкінішке қарай, судья Әлкенов Конституцияның осы талабын орындаудан бас тартты. Қысқартып айтсақ, бұл – қылмыстық сот өндірісінің процедурасын бұзу», - деп түсіндірді ол бұл талабын БАҚ өкілдеріне.
Судья Әбинұр Қарабаев үзілістен кейін қорғаушы тараптың талабы орындалмайтынын мәлім етті.
«Адвокат Бейсекеевтің судия Әлкеновтің осы іске төрағалық етуіне білдірген қарсылығы туралы өтініші кері қайтарылсын. Қаулы шағымдануға жатпайды. Қаулымен келіспейтіні туралы уәждерді апелляциялық шағым мен прокуратура өтінішіне енгізуге болады», - деді наразылық білдіру туралы шағымды қараған судья Әбинұр Қарабаев.
Оның айтуынша, сот судья Ибрагим Әлкеновтің осы қылмыстық іске мүдделілігі туралы дәлелдерді тыңдап, оған қарсылық білдіретіндей негіз таппаған.
«Судья Әлкеновтің негізгі сот ісін жүргізуі тағайындалуы оның бұл іске тікелей немесе жанама түрде қызығушылық танытуына немесе мемлекеттік айыптаудың, процестің басқа қатысушыларының қысымына ұшырауына негіз емес. Бұл жағдайда қорғаушы тарап талап етіп отырған аударманы сот қабырғасында орындауға болады. Судья Әлкенов аудармашы тағайындап, бүкіл материалды аудармаға ұсынады», - деді судья.
Айта кетейік, бүгін судья Ибрагим Әлкенов Елжан Біртановтың адвокаттары негізгі сот отырысына тартылған мемлекеттік айыптаушылар мен Денсаулық сақтау министрлігі өкіліне білдірген қарсылықты қабылдамай тастаған еді.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.
Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның көмекшісі болған Олжас Әбішевке «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңгенің шығыны келтіргені туралы айып тағылып отыр.
Ал биыл 12 мамырда сот Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық істі тоқтатудан бас тартқан еді.