Елімізде кейбір құрылыс материалдары бойынша импортты 100 пайыз отандық өнімге алмастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрылыс материалдары өндірісінде 24 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Аталған шара импортты 890 млн. АҚШ долларына алмастыруға және экспорт көлемін 206 млн. АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, керамикалық плиталар, автоклавты газоблоктар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты құрылыс тауарлары бойынша импортты 100% алмастыру жоспарланып отыр», - деді Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, индустриялық жобаларды іске асыру импортты алмастырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
«Жалпы еліміз бойынша 131 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланды. Бұл 38 мың жұмыс орнын құруға, сол секілді 4 млрд. АҚШ долларына импортты алмастыруға және шикізаттық емес экспортты 9 млрд. АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс материалдарымен қоса, бірқатар химия өнеркәсібі импортын толықтай отандық өнімге алмастыру жоспарланып отыр», - дейді Өскенбаев.